ЯСАУИ МҰРАСЫН РЕПОЗИЦИЯЛАУДЫҢ ТУРИСТІК ИМИДЖГЕ ӘСЕРІ: ҰЛТТЫҚ ҚОНАҚЖАЙЛЫЛЫҚ ПЕН МЕДИА-БРЕНДИНГ ИНТЕГРАЦИЯСЫ

Авторлар

  • А. БЕЛЬДИБЕКОВА Әзірет Сұлтан Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы Ясауитану ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері
  • А. ИСАЕВА Халықаралық туризм және меймандостық университеті
  • С. БАЙМАГАНБЕТОВ Халықаралық туризм және меймандостық университеті
  • Э. АЛИМКУЛОВА Халықаралық туризм және меймандостық университеті

Кілт сөздер:

Ясауи мұрасы, туристік имидж, медиа-брендинг, Түркістан дестинациясы, ұлттық қонақжайлылық стандарттары, рухани туризм

Аңдатпа

Бүгінгі саяхатшыларды тек заманауи қонақүйлер мен сапалы жол тәрізді дайын инфрақұрылыммен таңғалдыру қиын. Қазіргі туристер үшін баратын аймақтың бірегей мәдениеті, өзіндік құндылықтары мен әлеуметтік желілердегі беделі әлдеқайда маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістанның туристік келбетін қалыптастыру үшін Қожа Ахмет Ясауи мұрасының әлеуетін ашу — басты алғышарттың бірі болып табылады. Себебі бұл құндылық өңірдің негізгі мәдени бренді әрі туристерді тартатын басты күшіне айналып отыр. Зерттеудің мақсаты — рухани-мәдени мұраны медиа кеңістікте брендке айналдырудың ғылыми негіздерін айқындау және ұлттық қонақжайлылық дәстүрлеріне сүйене отырып, туристік дестинация имиджін жетілдіруге арналған кешенді модель ұсыну. Жұмыстың теориялық негізін қалыптастыруда дедукциялық тәсілдер мен контент талдау әдістері кеңінен қолданылды. Туристік аймақтың даму әлеуеті мен оған әсер ететін сыртқы факторларды анықтау үшін SWOT, PESTEL және бенчмаркинг құралдары басшылыққа алынды. Ал зерттеудің негізгі эмпирикалық мәліметтері YouTube, Instagram және TikTok желілеріндегі туристік контентті саралау барысында жинақталды Нәтижелер медиа-брендингтің туристік имиджге когнитивті, аффективті және конативті деңгейлерде ықпал ететінін көрсетті: визуалды сторителлинг Түркістанды «рухани тәжірибе кеңістігі» ретінде қабылдауды күшейтсе, ұлттық қонақжайлылық стандарттары туристердің қайта келу ниетіне әсер ететін институционалдық фактор болып анықталды. Сонымен қатар көптілді коммуникациялық стратегияның жеткіліксіздігі
имидждің жаһандық деңгейде қалыптасуын тежейтіні анықталды. Зерттеудің құндылығы туристік имиджді маркетингтік коммуникациядан кеңірек, мәдени мазмұнды басқару мен сервистік сапаны институционалдандыруға негізделген кешенді процесс ретінде түсіндіруінде. Ұсынылған модель Түркістанды халықаралық деңгейде ілгерілетуге, тұрақты туризм қағидаларын енгізуге және ұлттық туристік өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға практикалық негіз болады.

Жарияланды

2026-09-30