ЭКСКУРСОВОДТАРДЫҢ КӘСІБИ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САПАСЫНЫҢ ТУРОПЕРАТОРЛАРДЫҢ ИМИДЖІНДЕГІ РӨЛІ

Авторлар

  • Н. АХАНОВА Халықаралық туризм және меймандостық университеті
  • Б. ҚҰДАЙБЕРГЕН Халықаралық туризм және меймандостық университеті
  • Г. БАЙБОСЫНОВА Халықаралық туризм және меймандостық университеті
  • Р. ИНАН Мугла Сыткы Кочман университеті

Кілт сөздер:

экскурсовод, туроператор, имидж, қызмет көрсету сапасы, сауалнама, турист қанағаттануы, корреляциялық талдау

Аңдатпа

Бұл мақала экскурсоводтардың кәсіби қызмет көрсету сапасының туроператорлар имиджіне ықпалын сауалнама және статистикалық талдау әдістері негізінде зерттеуге арналған. Туристік өнімнің сапасы тек маршруттың мазмұнына, бағасына немесе инфрақұрылымдық мүмкіндіктеріне ғана емес, туристпен тікелей қарым-қатынас жасайтын мамандардың кәсіби деңгейіне де тәуелді. Осы тұрғыдан экскурсовод туроператор ұсынған қызметтің сапасын туристің нақты тәжірибесіне айналдыратын негізгі тұлға ретінде қарастырылады. Зерттеудің мақсаты - экскурсоводтардың кәсіби қызмет көрсету сапасы мен туроператорлар имиджі арасындағы байланысты анықтау. Зерттеу әдіснамасы ретінде сауалнама, сипаттамалық статистика, пайыздық талдау, орташа мәндерді есептеу және корреляциялық талдау қолданылды. Эмпирикалық база ретінде 120 респондентке арналған сауалнама нәтижелері алынды. Сауалнамада экскурсоводтың кәсіби білімі, коммуникациялық мәдениеті, тарихи-мәдени ақпаратты жеткізу қабілеті, ұйымдастырушылық шеберлігі, турист қанағаттануы және туроператор имиджі бағаланды. Нәтижелер экскурсовод қызметінің жалпы сапасы мен туроператор имиджі арасында жоғары оң байланыс бар екенін көрсетті. Жалпы экскурсовод сапасы мен туроператор имиджі арасындағы корреляция коэффициенті r=0,76 деңгейінде қалыптасты. Бұл экскурсовод қызметінің сапасы туроператорға деген сенімге, қайта жүгіну ниетіне және компанияны ұсыну ықтималдығына әсер ететінін дәлелдейді. Зерттеу нәтижелері туроператорлар үшін экскурсоводтарды іріктеу, оқыту және қызмет сапасын бағалау жүйесін жетілдірудің практикалық маңызын негіздейді.

Жарияланды

2026-09-30