ГИБРИДТІ ҚОНАҚЖАЙЛЫЛЫҚ ФОРМАТЫ: СТУДЕНТ-ПРАКТИКАНТТАРДЫҢ WORKATION ОРТАСЫН ҚАБЫЛДАУЫН ТАЛДАУ

Авторлар

  • Д. РАХИМОВА М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті
  • А. ШОКПАРОВ Халықаралық туризм және меймандостық университеті
  • Г. АШИРБЕК Халықаралық туризм және меймандостық университеті
  • А. БАСХОЖАЕВА Халықаралық туризм және меймандостық университеті

Кілт сөздер:

гибридті қонақжайлылық, workation, тәжірибеге қанағаттану, гедоникалық қабылдау, жұмыс–жеке өмір балансы, қонақжайлылық студенттері

Аңдатпа

Соңғы жылдары гибридті еңбек үлгілерінің кеңеюі туризм тәжірибесіне де, қонақжайлылық саласындағы қызмет көрсету форматына да елеулі өзгерістер әкелді. Workation құбылысы көбіне цифрлық көшпенділер мен қашықтан жұмыс істейтін мамандар контекстінде зерттелгенімен, осындай гибридті «жұмыс–демалыс» ортасында өндірістік тәжірибеден өтетін қонақжайлылық мамандығы студенттерінің тәжірибесі жеткілікті деңгейде қарастырылмаған. Бұл зерттеу студенттердің практика барысында гибридті ортаға деген көзқарасын және оның қанағаттану деңгейіне, күйзелісіне, жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікке, сондай-ақ кәсіби уәжіне қалай әсер ететінін талдауға бағытталған.

Зерттеу аясында «Туризм» және «Мейрамхана ісі мен қонақүй бизнесі» білім беру бағдарламаларында оқитын 112 бакалавр студент арасында сандық сауалнама жүргізілді. Деректер құрылымдалған сауалнама арқылы жиналып, тәжірибеге қанағаттану, жұмыс–жеке өмір балансы, күйзеліс деңгейі, ортаның гедоникалық қабылдануы және кәсіби мотивация көрсеткіштері өлшенді. Мәліметтерге сипаттамалық статистика, сенімділік талдауы, корреляциялық және регрессиялық талдау қолданылды.

Нәтижелер көрсеткендей, ортаны жағымды әрі тартымды деп қабылдау тәжірибеге қанағаттануға елеулі әсер етеді және кәсіби мотивациямен оң байланыста. Ал жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сезіну күйзеліс деңгейінің төмендеуіне ықпал етеді. Сонымен қатар курорттық қонақүйлерде тәжірибеден өткен студенттердің кәсіби ынтасы қалалық қонақүйлерде өткендерге қарағанда жоғары екені анықталды.

Жалпы алғанда, гибридті қонақжайлылық ортасы тек жұмыс орны ғана емес, болашақ мамандардың кәсіби және эмоциялық қалыптасуына ықпал ететін кеңістік ретінде көрінеді. Қазақстан сияқты дамып келе жатқан туристік бағыттар үшін тәжірибе ортасының сапасын, эмоционалдық тартымдылығын және еңбек жүктемесінің теңгерімділігін қамтамасыз ету саладағы кадрлық тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік береді.

Жарияланды

2026-03-30