ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТУРОПЕРАТОРЛАРЫ МЕН ТУРАГЕНТТЕРІНІҢ ТІЛДІК ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІ
Кілт сөздер:
Түркістан, туристік агенттік, Шет тілдері, құзыреттілік, қызметкер, меңгеру деңгейі, тұтынушыАңдатпа
Халықаралық туризмнің қарқынды дамуы мен Түркістан облысы және Түркістан қаласының танымал туристік бағыт ретіндегі рөлінің артуы жағдайында туристік агенттіктер қызметкерлерінің шет тілдерін меңгеру деңгейі стратегиялық маңызға ие болып отыр. Зерттеудің мақсаты Түркістан облысы мен Түркістан қаласының туристік агенттіктері мен туристік фирмаларының қызметкерлері арасында шет тілдерін меңгерудің ағымдағы деңгейін зерделеу және олардың тілдік біліктілігін арттыру бойынша ұсынымдар әзірлеу болып табылады. Зерттеу аясында агенттіктердің, фирмалардың тур қызметкерлері арасында шет тілдерін меңгерудің ағымдағы деңгейін анықтауға, тілдерді кәсіби қызметте қолдану жиілігін бағалауға, тілдік проблемалар мен кедергілерді және оларды оқытудағы қажеттіліктерді анықтауға, сондай-ақ оларды жою тәсілдерін әзірлеуге көп көңіл бөлінді. Зерттеу әдістемесі туристік агенттіктер мен фирмалардың қызметкерлеріне сауалнама жүргізу арқылы деректерді жинауға және талдауға негізделген. Бұл жұмыста тілдік дағдылардың деңгейін бағалау және оларды кәсіби қызметте қолдану үшін сандық және сапалық әдістер қолданылды. Жұмыстың құндылығы осы саладағы қызметкерлердің тілдік қажеттіліктері туралы деректерді жүйелеуде жатыр, бұл білім беру бағдарламаларын жасауға ықпал етуі мүмкін. Зерттеудің практикалық маңыздылығы тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға және аймақтың халықаралық туристік нарықтағы позициясын нығайтуға көмектесетін оқытуды ұйымдастыру бойынша ұсыныстарда көрінеді.