ТУРИСТІК ДИСКУРС КОНТЕКСІНДЕГІ МӘТІН ТЕОРИЯСЫ ЖӘНЕ ОНЫ ОҚЫТУДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР
Кілт сөздер:
туристік дискурс, мәтін теориясы, туристік мәтін, прагматика, мәдени код, туризмді оқытуАңдатпа
Мақала туристік дискурс аясындағы мәтін теориясын түсіндіруге және туристік мәтіндерді оқытуда кездесетін өзекті мәселелерді талдауға арналған. Туризм бүгінгі таңда тек экономикалық қызмет саласы емес, сонымен бірге адамдар арасындағы мәдени және тілдік қарым-қатынас кеңістігіне айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, туристік жарнамалар, афишалар, буклеттер мен веб-сайттар арқылы берілетін мәтіндер туристік коммуникацияның негізгі құралы ретінде қарастырылады.
Зерттеу барысында туристік агенттіктердің әртүрлі дестинацияларға арналған жарнамалық афишалары талданып, туристік мәтіндердің қалай құрылатыны, қандай тілдік және мәдени құралдар арқылы әсер ететіні анықталды. Теориялық талдау мен дискурс-талдау нәтижелері туристік мәтіндердің ақпарат беруден гөрі туристің эмоциясына ықпал етуге, белгілі бір сапар бейнесін қалыптастыруға және шешім қабылдауға итермелеуге бағытталатынын көрсетті. Мұндай мәтіндерде бағалауыш лексика, мәдени кодтар және әрекетке шақыру элементтері ерекше рөл атқарады.
Мақалада туристік дискурс контексіндегі мәтін теориясын білім беру үдерісінде қолдану мәселесіне де назар аударылды. Бір апталық практикалық сабақтар барысында студенттердің туристік мәтіндерді қабылдауы өзгеріп, олар мәтінді тек ақпарат көзі ретінде емес, ықпал ету құралы ретінде түсіне бастағаны байқалды. Бұл туристік мәтіндерді оқытуда нақты, өмірден алынған материалдарды қолданудың тиімді екенін көрсетті.
Мақала нәтижелері туризм мамандарын даярлау үдерісінде, сондай-ақ туристік дискурс пен қолданбалы лингвистика саласындағы зерттеулерде пайдалануға ұсынылады.