ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ТУРИЗМ ДАМУЫНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ: ЭМПИРИКАЛЫҚ ТАЛДАУ
Кілт сөздер:
туризм, өңірлік даму, экономикалық тиімділік, жұмыспен қамту, инвестициялық тартымдылық, мемлекеттік қолдау, инфрақұрылым, Түркістан облысы, социологиялық зерттеу, tourism-led growth гипотезасы.Аңдатпа
Мақалада Қазақстан Республикасының Түркістан облысында туризмді дамытудың экономикалық аспектілері эмпирикалық зерттеу нәтижелері негізінде қарастырылады. Зерттеудің өзектілігі туризмнің өңірлік әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды факторы ретіндегі рөлінің артуымен және нақты аймақ деңгейінде оның экономикалық әсерін бағалау қажеттілігімен айқындалады. Зерттеудің мақсаты – туристік қызметтің халықты жұмыспен қамтуға, кәсіпкерлік табысына, өңірдің инвестициялық тартымдылығына және саланы мемлекеттік қолдау деңгейіне ықпалын анықтау.
Зерттеу сандық әдіснама шеңберінде сауалнама жүргізу арқылы жүзеге асырылды (N = 137). Мәліметтерді өңдеу барысында сипаттамалық статистика, Пирсонның корреляциялық талдауы және Стьюденттің t-критерийі қолданылды. Зерттеу құралының сенімділігі Кронбах альфа коэффициентімен (0,81) расталды.
Нәтижелер туризмнің жұмыспен қамту мен кәсіпкерлік табыстың өсуіне оң ықпал ететінін көрсетеді. Инфрақұрылымның даму деңгейі мен саланың экономикалық тиімділігін қабылдау арасында статистикалық мәнді оң байланыс анықталды (r = 0,42; p < 0,05). Сондай-ақ кәсіпкерлер мен өңір тұрғындарының экономикалық әсерді бағалауында айырмашылықтар бар екендігі анықталды (Cohen’s d = 0,71). Мемлекеттік қолдау деңгейіне қанағаттану көрсеткіштері орташа деңгейде сипатталды.
Туризм Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді, алайда инфрақұрылымдық және институционалдық шектеулерге байланысты оның әлеуеті толық іске асырылмай отыр. Зерттеу нәтижелері өңірлік туристік саясатты жетілдіру және саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету барысында пайдаланылуы мүмкін.