ҚАЗАҚСТАН АЙМАҚТАРЫНДАҒЫ ТУРИЗМНІҢ ДАМУ БОЛЖАМЫ: КЛАСТЕРЛІК ЖӘНЕ ТАЛДАУ-ПРОГНОСТИКАЛЫҚ ТӘСІЛДЕР
Кілт сөздер:
кластерлеу, аймақтық даму, туризм, туристік инфрақұрылым, орналастыру орындары, туристік әлеует, туристік ресурстар.Аңдатпа
Туристік индустрияның жаһандық трансформациясы және тұрақты өңірлік дамуға бағдарлану жағдайында туристік әлеуетті кеңістікте бөлуді талдау ерекше өзектілікке ие. Бұл зерттеу Қазақстандағы туризмді басқарудағы кластерлік тәсілді ғылыми негіздеуге бағытталған. Жұмыстың мақсаты – аймақтарды туризмнің даму деңгейі бойынша жіктеу, өсудің стратегиялық бағыттарын анықтау және кластерлік модельді енгізудің экономикалық тиімділігін есептеу.
Әдістемелік бөлімде авторлар бір-бірін толықтыратын үш тәсілді пайдаланды. Біріншісі – туристер ағыны, кірістер және орналастыру орындарының толтыру көрсеткіштері туралы статистикалық мәліметтерге негізделген k-means әдісін қолданатын кластерлік талдау. Нормаланған көрсеткіштер негізінде үш кластер анықталды: 1) дамыған өңірлер (Алматы облысы, Астана қаласы); 2) әлеуеті жоғары аймақтар (Түркістан, Маңғыстау); 3) туризм дамуының бастапқы деңгейі бар аймақтар (Абай, Шығыс Қазақстан және т.б.).
Екінші әдіс – сараптамалық бағалау – әрбір кластердің 2-5 жылға дамуының шартты болжамдарын қалыптастыру үшін пайдаланылды. Бұл тәсіл ресімделуі қиын, бірақ туристік ортаның дамуына айтарлықтай әсер ететін институционалдық, логистикалық және инвестициялық факторларды есепке алуға мүмкіндік берді. Үшінші тәсіл жылжымалы орта әдісін және экспоненциалды тегістеуді қолдану арқылы уақыттық қатарларды талдауға негізделген. Модель 2025-2027 жылдары туристік ағынның жылына 8,2 миллион адам деңгейінде тұрақтануын көрсетті. Бұл мән кластерлік тәсілдің экономикалық тиімділігін есептеу үшін негіз болды.
Есептеу нәтижелері бойынша туристік шығындардың орташа көлемі 12%-ға өскен кезде экономикалық тиімділік қосымша жылына 110 млрд теңгеден астамды құрауы мүмкін.