БАЯНАУЫЛ ҰЛТТЫҚ ПАРКІ АУМАҒЫНДАҒЫ САБЫНДЫКӨЛ КӨЛІНІҢ РЕКРЕАЦИЯЛЫҚ СЫЙЫМДЫЛЫҒЫН БАҒАЛАУ

Авторлар

  • A. ЖАКУПОВ Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті
  • С. НАХИПБЕКОВА Халықаралық туризм және меймандостық университеті
  • А. КУРБАНИЯЗОВ Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар Инженеринг университеті
  • С. ЖИЛЬГЕЛЬДИНОВ Торайғыров университеті

Кілт сөздер:

туризм, рекреациялық әлеует, қоршаған орта, туристік әлеует, рекреациялық сыйымдылық

Аңдатпа

Қазіргі экологиялық жағдай адам мен табиғат арасындағы қатынастарды жаңа тұрғыдан қарастыруды талап етеді. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және экожүйелердің тұрақтылығын сақтау мәселелері қазіргі таңда аса өзекті болып отыр. Осы тұрғыда ұлттық табиғи парктер кеңістігіндегі рекреациялық жүктемені ғылыми негізде бағалау мен реттеу ерекше мәнге ие. Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі — табиғи және мәдени мұра объектілерін қамтитын күрделі ландшафтық жүйе. Парк аумағындағы Сабындыкөл көлі аймақтың экологиялық тепе-теңдігі мен туристік әлеуетін айқындайтын басты табиғи нысандардың бірі болып табылады. Алайда соңғы жылдары антропогендік факторлардың күшеюі — туристер ағынының артуы, жағалау инфрақұрылымының бақылаусыз дамуы, тұрмыстық қалдықтар мен ластаушы заттардың көбеюі — көл экожүйесінің табиғи тепе-теңдігіне айтарлықтай әсер етуде. Бұл жағдай көлдің гидрологиялық сипаттамалары мен биологиялық алуантүрлілігінің төмендеуіне алып келуде. Зерттеудің негізгі мақсаты – Сабындыкөл көлінің рекреациялық сыйымдылығын бағалау және оның негізінде тұрақты туризмді дамыту бағыттарын ұсыну. Зерттеу барысында ландшафттық талдау, геоақпараттық жүйелер және далалық зерттеу әдістері пайдаланылды. Зерттеу негізінде авторлар табиғи парктің шағын аудандарында, әсіресе көл аймағында туризмді тұрақты дамыту бойынша ұсыныстар ұсынады, оларды барлық жерде бірдей табиғи кеңістікке де қолдануға болады. Алынған нәтижелер аймақтың экологиялық жағдайын кешенді бағалауға, рекреациялық жүктемені оңтайландыруға және табиғи ресурстарды тиімді басқару жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Бұл зерттеу ұлттық парктердің тұрақты дамуы мен экотуризмді жоспарлауда қолданбалы маңызға ие.

Жарияланды

2025-12-30