ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТУРИСТІК САЛАСЫНДАҒЫ КАДР ТАПШЫЛЫҒЫНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ФАКТОРЛАРЫН ТАЛДАУ

Авторлар

  • С. НАХИПБЕКОВА Халықаралық туризм және меймандостық университеті
  • Б. АЛЬМУХАМБЕТОВА Халықаралық туризм және меймандостық университеті
  • К. АБДИБАЕВА Халықаралық туризм және меймандостық университеті
  • Т. КУРМАНАЛИЕВА Халықаралық туризм және меймандостық университеті

Кілт сөздер:

туристік сала, еңбек нарығы, кадр тапшылығы, экономикалық факторлар, кадрлық қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасы

Аңдатпа

Бұл мақала Қазақстан Республикасының туристік саласында кадр тапшылығының туындауына әсер ететін экономикалық факторларды зерттеуге арналған. Туристік сұраныстың өсуі және дестинациялар арасындағы бәсекенің күшеюі жағдайында кадр тапшылығы қызмет көрсету сапасын төмендетіп, туристік өнімнің тұрақты дамуын шектейтін негізгі мәселелердің бірі болып отыр. Зерттеудің мақсаты - кадр тапшылығының басты экономикалық детерминанттарын айқындап, олардың саланың кадрлық қамтамасыз етілуіне ықпалын бағалау. Эмпирикалық база ретінде Қазақстан Республикасының ресми статистикалық деректері пайдаланылды: еңбекке ақы төлеу көрсеткіштері, орналастыру орындарының қызметі бойынша мәліметтер (жұмыспен қамту, маусымдық жұмыспен қамту, келушілерге қызмет көрсету көлемі) өңірлік бөліністе талданды. Әдістемелік тұрғыдан статистикалық және салыстырмалы талдау, персонал жүктемесінің индикаторларын есептеу (бір қызметкерге шаққандағы қызмет көрсетілген келушілер саны), сондай-ақ туристік жүктеме мен еңбек ресурстарына қажеттілік арасындағы байланыстарды бағалау үшін корреляциялық талдау қолданылды. Нәтижелер, жалақы деңгейінің экономикадағы орташа көрсеткіштерден төмен екенін, ал маусымдылық пен өңірлік әркелкіліктің кадр тұрақтылығына теріс ықпал ететінін көрсетеді. Зерттеу қорытындылары жұмыс орындарының тартымдылығын арттыру, маусымдық кадрлық тәуекелдерді азайту және туристік бизнестің сұранысына сай кадр даярлау мен қайта даярлау тетіктерін жетілдіруге бағытталған ұсыныстарды негіздеуге мүмкіндік береді.

Жарияланды

2026-06-30