I–XIV ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ДІНИ-ҒҰРЫПТЫҚ МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ ОНЫҢ РУХАНИ ТУРИЗМДЕГІ ӘЛЕУЕТІ (КҮЛТӨБЕ ҚАЛАШЫҒЫ МАТЕРИАЛДАРЫ НЕГІЗІНДЕ)
Кілт сөздер:
Күлтөбе, ғибадатхана, Ясы, Шауғар, Түркістан, жерлеу ғұрпы, Қожа Ахмет Йасауи, археологиялық қазбалар, мәдени туризм.Аңдатпа
Түркістан қаласының түркі дүниесіндегі тарихи, рухани орны — қазіргі таңда толық зерттеліп болмаған өзекті ғылыми мәселелердің бірі. Ислам діні келмей тұрып-ақ Түркістанның қасиетті мекен ретінде танылуы, бұл өлкенің көне дәуірлерден бастап-ақ киелі кеңістік ретіндегі тарихи-мәдени рөлін аңғартады. Түркі халықтарының ортақ тарихи жадында Түркістан – тек географиялық нүкте емес, рухани тұтастықтың, мәдени сабақтастықтың және өркениеттік өзін-өзі танудың іргелі белгісі ретінде қалыптасқан. Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңға қол қоюы – осы рухани-мәдени салмақты мемлекет тарапынан мойындаудың айқын көрінісі.
Осы мақалада Түркістан қаласының құрамдас бөліктерінің бірі – Күлтөбе қалашығында жүргізілген археологиялық және остеологиялық зерттеулер негізінде XI–XIV ғасырлар аралығындағы діни-ғұрыптық дәстүрлер мен жерлеу мәдениеті қарастырылады. Зерттеу нәтижесінде табылған қабір құрылыстары мен зергерлік бұйымдар (алтын сырға, қола білезік, шыны моншақтар) мұсылмандық қағидаттармен қатар, жергілікті наным- сенім жүйесінің өзара тоғысу үдерісін көрсетеді. Бұл жағдай діни сенімдер мен күнделікті тұрмыстың синкреттік сипатын аша отырып, Түркістанның мәдени-рухани болмысының көпқырлылығын дәлелдейді.
Мақалада қарастырылған деректер тек ғылыми тұрғыда ғана емес, қазіргі замандағы рухани және мәдени туризмнің мазмұнын байытуда да маңызды. Түркістанның археологиялық және сакралды кеңістіктері туристік маршруттар үшін құнды нысандар бола алады. Күлтөбе сияқты киелі орындарда сақталған тарихи-мәдени жәдігерлер, әсіресе зияраттық сапарлар мен танымдық-экскурсиялық туризмді дамытуда ерекше маңызға ие. Ортағасырлық дәуірлерге тән жерлеу салттарының ерекшелігі, мәдени синтездің айқын белгілері, сондай-ақ рухани сабақтастықтың нақты материалдық куәлары – бұл өңірдің туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, тарихпен рухани байланыс орнатуға ынталандырады.