ТҮРКІСТАНДАҒЫ РУХАНИ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУДАҒЫ ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ МҰРАСЫНЫҢ РӨЛІ: САКРАЛДЫҚ ГЕОГРАФИЯ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ КОНТЕКСІНДЕ
Кілт сөздер:
Түркістан, Қожа Ахмет Ясауи, діни туризм, сакралдық география, рухани тәжірибе, Кіші Мекке, сопылық ілім, ұлттық бренд, мәдени дипломатия, зиярат, Кония моделі, Ясауи жолы, туризм және руханият, түркі интеграциясы, локализацияАңдатпа
Бұл мақалада Түркістан қаласының діни туризм кеңістігіндегі сакралдық рөлі мен мәдени-рухани брендке айналу әлеуеті ғылыми тұрғыда талданады. Зерттеу сакралдық география, рухани тәжірибе, локализация және бренд дипломатиясы теорияларына сүйене отырып, Түркістан феноменін заманауи ғылыми дискурста қайта пайымдауға бағытталған. Қожа Ахмет Ясауи мұрасы тек тарихи-діни нысан ретінде емес, ұлттық руханияттың тірі тәжірибесі мен мәдени идентификацияның тірегі ретінде ұсынылады.
Мақалада Мешхед (Иран) және Кония (Түркия) қалаларының тәжірибесімен салыстыра отырып, Түркістанды халықаралық діни туризм орталығына айналдырудың нақты қадамдары ұсынылған. Эмпирикалық бөлімде 2010–2024 жылдар аралығындағы зияратшылар ағыны, туристік инфрақұрылымның дамуы, экотуризм және мемлекеттік қолдау шаралары сарапталып, графиктер мен диаграммалар арқылы нақты дәлелдер келтірілген. Сонымен қатар, зияратшылар мотивациясына қатысты сауалнама нәтижелері талданған.
Зерттеу нәтижесінде Түркістанның «Кіші Мекке» символикасы тек ішкі рухани кеңістік емес, сонымен қатар түркілік интеграцияны, мәдени дипломатияны және ұлттық брендті күшейтетін трансұлттық сакралдық хаб ретінде пайымдалатыны дәлелденді. Қорытындыда Түркістанды халықаралық деңгейге шығару үшін сопылық музыка фестивальдері, «Ясауи жолы» сияқты маршруттар, цифрлық зиярат платформалары мен академиялық туризм бағыттары ұсынылды.